Skip to content

“АБАЙ – АҚИҚАТТЫҢ ҰШҚЫНЫ” ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ Қазақ халқының біртуар…

“АБАЙ – АҚИҚАТТЫҢ ҰШҚЫНЫ” ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗІЛДІ

Қазақ халқының біртуар ғұламасы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы мұрасы – халқымыздың рухани қазынасының алтын діңгегі. Хәкім Абайдың педагогикалық еңбектерін терең түсініп, дұрыс игеру арқылы ғана ұлттық тәлім-тәрбиеміздің қайнар бұлағынан сусындауға мүмкіндік аламыз.

Абайдың: «…Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла…» деген өсиетті сөзі – әр ұрпақты ойлануға, ізденуге, өзін-өзі тануға шақыратын мәңгілік үндеу. Кемеңгерлікке жеткен жанның қос қанаты – ойшылдық пен ұстаздықтың өзара үндестігі екенін Абай шығармашылығы айқын дәлелдейді.

Абай ағартушылығының күрделі әрі маңызды салаларының бірі – білім мен ғылымға ұмтылу, ерінбей еңбек ету, адам бойындағы асыл қасиеттерді тәрбиелеу. Ұлы ойшыл еңбекті адам өмірінің тірегі, жан дүниесінің кемелдену жолы деп таныды. Оның шығармаларындағы әрбір сөз – ұрпақ санасын оятар тағылым.

«Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!»

Бұл жолдар – Абай мұрасының мәңгілік екенінің айғағы.

Осы орайда, мектебімізде өткен тағылымды кездесуде Ордабасы, Мақтаарал аудандарының құрметті азаматы Мұсаев Құнанбай Әбибуллаұлы арнайы уақыт бөліп, ұлы Абай әлеміндегі адамдық парыз, тәлім мен тәрбиенің мәні туралы ой бөлісті. Өмірлік тәжірибесін жастар тәрбиесімен ұштастырып, өскелең ұрпаққа бағыт-бағдар бергені үшін зор алғыс білдіреміз.

Абай мұрасы – ұлттың рухани темірқазығы.
Руханиятқа қызмет ету – баршамыздың ортақ парызымыз.